Президент Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадлиді қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлиге ілтипат білдіре отырып, оның сапары екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагерімен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.
– Жиддаға сапарым барысында Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездестім. Кездесуде біз екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен қарым-қатынасты одан әрі нығайту туралы келісімге келдік. Біздің өзара уағдаластықтарымыз қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр және дәйекті түрде орындалып келеді, – деді Президент.