"Біздің елдерімізге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселесін естен шығаруға болмайды. Қазір біз бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнаттық", – деген Қазақстан басшысы "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желісінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік беретінін атай кетті.
Сондай-ақ Президент Қазақстанның Ақтау және Құрық порттарының маңызына тоқталды. Порттар Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізбек. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркменбашы портының инфрақұрылымының табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, Түрікменстан да бұл ұстанымды қолдайтынына сенім білдірді.
"Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы" жаңа автожолын салуды құптаймыз. 2025 жылдан бастап "Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы" автожолы учаскесін қайта салу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру көлік-логистика саласындағы жобаларымыздың пайдасын мейлінше арттыра түседі. Сондықтан үкіметтерімізге транзиттік тасымалдар үшін тариф саясатын оңтайландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мәселелері бойынша тығыз ықпалдастық орнату қажет", – деді Мемлекет басшысы.