Тоқаев министрлер кабинеті мен әкімдердің қызметіне осындай баға берді. Үкімет отырысында Президент келер жыл биылғыдан да қиын болуы мүмкін,- деді.
Министрлер мен әкімдердің жұмысы нақты нәтижемен өлшенеді
Үкіметке сұрақ көп. Экономиканың өсімі 11 айда шамамен 2 пайызға төмендеген. Инфляция керісінше, аспандап барады, 19 пайыздан асып кетті. Бұл соңғы 14 жылда болмаған көрсеткіш. Жұрттың табысы төмендеп, әл-ауқаты нашарлап барады. Ал сорақысы, қымбатшылық одан бетер қыса түсетін сияқты. Ұлттық банк төрағасының болжамына сенсек, жыл соңына қарай инфляция 21-22 пайызға дейін шарықтайды. Ахуалға алаңдаулы Президент пәрменсіз шенділерге мынадай ескерту жасады.
"Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет Ұлттық қордан ақша алуды азайтып, активтерін 100 млн долларға жеткізбекші
Ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Бұл Тоқаевтың бюджет саясатына қатысты айтқаны. Ұлттық қорға қол салуды қысқартыңдар,- деп ол өткен жылдан бері қақсап келеді. Биыл қордан бақандай 4 трлн теңге алған Смайыловтың командасы келесі жылы трансфертті біршама азайтпақшы. Азайтып қана қоймай, алғанымыздың орнын артығымен толтырамыз,- деп отыр.
"2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік бюджеттік қағидалар бекітілді. Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін өсіруге бағытталатын болады", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
"Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады."Әрбір азамат ұлттық байлықтың иесі" деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын Тоқаев ашық айтты. Биылғы сын қатерлерге қарсы Смайыловтың кабинеті тиімді жұмыс істей алмады. Халықтың жағдайын жасаудың орнына саны көп, сапасы жоқ жиналыстар өткізеді, бір құжатты келісу үшін бірнеше ай жұмсайды. Ал нақты шешім қабылдауға келгенде, жауапкершіліктен қашады,- деді. Сөйтіп, Президент жаңа әкімшілік реформа мен кадр саясатын жүргізбекші.
"Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс.+ Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жыл биылғыдан да күрделі болуы мүмкін,- деп алаңдайды Президент. Осы орайда Тоқаевтың көкейінде заңды сұрақ туындады. Оны премьер-министрге төтесінен қойды.
"Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?", деді Қазақстан Республикасының Президенті.
Бұл мәселелер мұқият талқыланады,- деп сендірді Президент.
Саят Ермек