Тоқаев: Үкімет тауар газын үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет

669

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде айтты. 

Тоқаев: Үкімет тауар газын үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет Фото: dknews.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылы Қазақстан тауар газының тапшылығына тап болды. Бұл өз кезегінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады, деп жазады inbusiness.kz.

"Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуы тиіс екенін баса айтты.

"Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы. Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті. Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет", -деді Президент.

Бәсекеге қабілетті экономика дегеніміз – әртараптандырылған экономика, деді Мемлекет басшысы.

"Пандемия және қазіргі геосаяси дағдарыс шикізат нарығының тұрақсыз екенін айқын көрсетті. Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды. Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың өзін әлі күнге дейін сырттан сатып алып отырмыз. Инфляцияның өсуіне басты себептің бірі – осы", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзінше, ел экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі екенін атап өтті.

"Сондықтан сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек. Депутаттар осы заң жобасына мән береді деп ойлаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу