Тоқаев Үкіметке жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырды

404

Мемлекет басшысы бұл жұмысты екі жыл ішінде жүргізуді тапсырды.  

Тоқаев Үкіметке жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырды Фото: akorda.kz

Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады", - деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарында аталған компаниялардың басшыларымен кездескенін жеткізді.

"Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды", - деп толықтырды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.

"Бұл жерде ақпараттың "ашықтық презумпциясын" басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, осыған дейін Астанада Digital Bridge форумы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу