Сонымен қатар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО Бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған қызметіне қолдау көрсететінін атап өтті.
Президент Бас директорға Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барғаны үшін алғысын айтты.Сондай-ақ оның Түркістанға сапарын азаматтарымыз оң қабылдағанын айтты.
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы климат, биоалуантүрлілік және су ресурстары салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстанның ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Одрэ Азуле қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты
Сондай-ақ ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде алған әсерін бөлісті.
ЮНЕСКО-ның Бас директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді.
– Менің Қазақстанға жасаған сапарым Сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс, – деді Одрэ Азуле.