Тоқаев зиялы қауым өкілдерін бірлікке шақырды

447

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.  

Тоқаев зиялы қауым өкілдерін бірлікке шақырды Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әр дәуірдің өз ерекшелігі бар екенін баса айтты. 

"Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек. Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу