Тоқаевтың ескертуі: Үкіметтегі ауыс-түйіс

471

Бүгін Министрлер кабинетінің үштен бірі жаңарды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасы бастала салысымен бірден 5 министр ауысып үлгерді.

Тоқаевтың ескертуі:  Үкіметтегі ауыс-түйіс Фото: egemen.kz

Премьер-министрдің су жаңа орынбасары да тағайындалды. Осылайша, желтоқсанның соңында Тоқаевтың өзі айтқан Үкіметтегі кадрлық өзгерістер өзін көп күттірмеді. Осы жолғы ауыс-түйісте ерекше талқыға түскені  Дәурен Абаев пен Асхат Аймағамбетовтың қызметінен кеткені болып тұр. Алғашқысы даулы сұқбаттары үшін ел есінде қалса, экс-бас педагогты қимай, желі қолданушылар жылы лебіз жаудырды. 

Премьер-министрдің ұсынысы бойынша жаңа жылдың басында үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы үкіметтің алдында тұрған мақсаттар өте ауқымды және өзекті.

Үкімет басшысының ұсынысы бойынша жүргізілген кадрлық өзгерістер билікте ұзақ жүрген Дәурен Абаевқа тиді. Мәдениет және спорт министрі болып 1 жылға жуық отырған шенеунік істеген ісі үшін болмаса да, айтқан мәлімдемелері үшін есте қалары сөзсіз. 

Абаевтың орнына бұған дейін Аманат партиясының атқарушы хатшысы болған Асхат Оралов министр болды. Ал, бүгінгі жарлық бойынша қызметінен айрылған тағы бір экс-министр Асхат Аймағамбетов өзінің жеке парақшасында қоштасып, жазба жариялады. Осы жазбасының астындағы пікірдің дені  оқу-ағарту саласын басқарған жұмысына алғыс айту сарынында екен. 

Осы күнге дейін оқу-ағарту министрінің орынбасары болған Ғани Бейсембаев енді министр атанды. Бұдан бөлек, Конституциялық сотқа судья болып кеткен Қанат Мусиннің орнына Әділет министрі болып Азамат Есқараев тағайындалса, "киік ату операциясы" үшін президенттің қырына ілінген Серікққали Брекешевтің креслосына орынбасары Зүлфия Сүлейменова отырды. Экология министрлігінің ұжымына жаңа министрді таныстырған үкімет басшысы осы ведомоствоға қойылатын тапсырмаларды атап өтті. 

"Жаңа экологиялық кодекс қабылдадық. Енді оның тиісті деңгейде жүзеге асырылуын қадағалау қажет. Ірі кәсіпорындардың зиянды шығарындылар көлемін азайтуды біртіндеп реттеу керек. Мысалы - ынталандыру. Ол үшін қажетті тетіктер бар. Бір жағынан кәсіпорындардың жұмысын тоқтатпағаны маңызды болса, екінші жағынан оларды зиянды шығарындылар көлемін азайту үшін қадамдар жасауға итермелеу қажет. Өйткені бұл мәселе халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Су тақырыбы да өте өзекті", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Айтпақшы, Вице-премьер әрі үкімет аппаратының басшысы лауазымына Ғалымжан Қойшыбаев бекітілді. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Қайырбек Өскенбаевтың орнын Марат Қарабаев басты. Бір айта кетерлігі, ауыс-түйіс осымен тоқтамайтын сыңайлы. Өйткені, жыл соңында мемлекет басшысы Екібастұздағы апатты жағдай туралы сөзінде тағы 2 министрлік жұмысын сынға алған болатын. 

"Ал құзырлы мемлекеттік орган  энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз. Бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен жаңа 5 министр тағайындалды. Олардың жұмысына баға беруге әзірге ерте сияқты. Ендігі көптің көңілін күпті еткен мәселе  лауазымынан айрылғандардың қандай қызметке баратыны болып отыр. Азаматтардың дені олардың жұмыссыз қалмайтынына сенімді.

Бақытнұр Әлібай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу