Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Пошта туралы" заң 2016 жылы қабылданғанын еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бар-жоғы 45 баптан тұратын шағын заң. 2016 жылдан бері бұл заңға өзгеріс енгізілмеген жыл жоқ екен. Жыл сайын енгізілген. Бір жылда бір рет өзгеріс енгізілсе бірсәрі, алайда жылына бірнеше реттен өзгеріс енгіземіз. Заңға биыл бесінші рет өзгеріс енгізілгелі жатырмыз. Заңның тұрақтылығын қашан қамтамасыз етесіздер? Бұл заңның сапасыз екенінің көрінісі ме? Бұған дейін неге бірден қамтымадық? Тоқсан сайын осы заңды қарап отырамыз ба?", – деді депутат.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің сөзінше, қазір бәрі тез өзгеріп жатыр.
"Бірнеше жаңа сервис шықты. Нарығымызға бірқатар компания келді. Сондықтан өзгерістер керек. Меніңше, тұрақты ештеңе болмайды", – деді ведомство өкілі.
"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың сөзінше, қаралып отырған заң жобасы тарихта алғаш рет шығарылып отыр.
"Заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, заманға сай ету керек. Өйткені нарықта бәсекелестеріміз көбейіп жатыр. Поштаның аяққа тұрып, беделді болуына қолдау көрсетіп жатқандарыңызға өзімнің және 20 мың пошташының атынан алғыс айтқым келеді. Осы заң бізге стратегия жасауға үлкен көмек береді", – деді ол.