Тоқтар Төлешовтен 1 млрд 215 млн теңгенің мүлкі өндірілді

1875

Сот шешіміне сәйкес, 2017 жылдан мемлекеттік сот орындаушының өндірісінде Т.Төлешовтен мемлекет пайдасына 1,4 млрд.теңге өндіру туралы атқару құжаты  келіп түскен. 

Тоқтар Төлешовтен 1 млрд 215 млн теңгенің мүлкі өндірілді

Десе де, сол кезден бері сот шешімін жүзеге асыру сағызша созылып, мәселе туындатқан. Нақтырақ айтқанда, іс-құжаттарды зерделеу нәтижесінде "Дархан group" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы активтері ретінде берілген борышкер Т.Төлешовке тиесілі мүліктері анықталған.

Алайда, Шымкент қаласы прокуратурасының тікелей араласуымен мемлекеттік сот орындаушы Төлешовке тиесілі жер учаскелері, екі үй, Фосфоршылар мәдениет үйі секілді мүліктерге бағалау жүргізіп, нәтижесімен соттың ұйғарымы негізінде олар мемлекет пайдасына өткізген.

"Айтылғандардың негізінде, атқару өндірісінің аясында Т.Төлешовке қатысты сот үкімі орындалып, жалпы сомасы 1 млрд. 215 млн. теңгені құрайтын борышкердің мүлкін бюджетке түсуі қамтамасыз етілді. Сот үкімінің әрі қарай орындалуы бақылауда", - деп хабарлайды Шымкент қаласының прокуратурасы.

Есеріңізге сала кетейік, 2017 жылы бұрынғы "сыра королі" Тоқтар Төлешовті Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық соты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, 21 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Сондай-ақ, мемлекет пайдасына айыпталушы Төлешовтен ( сол кездегі ОҚО) прокуратурасының талап еткен 1 млрд 352 млн теңгесін және БАЖ салығы ретінде 41 млн 057 мың теңгені, сондай-ақ сараптамаларға жұмсалған 3 млн 010 мың теңге өндірілетін болған.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу