Елорда әкімдігі жанындағы орталық алаңда 6 шілде күні Толағай алыптар сайысының V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Республикалық іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Ұлы Даланың батырларын, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирде еліміздің әр өңірінен іріктелген алып денелі спортшылар бақ сынайды.
Білекті спортшылар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын білекті батырларды анықтау болып саналады. Яғни, бес сайыстың қорытындысы бойынша анықталған үздіктер алдағы көшпенділер ойындарында бақ сынайды.