Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Төлеби ауданында "Кооперация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі" тақырыбында құс шаруашылығын дамытуға арналған мамандандырылған көшпелі семинар өтті. Аймақ басшысы алдымен Киелі тас ауылында "Леңгір құс" фермасының іргетасына капсула салып, құс шаруашылығының дамуына сәттілік тіледі, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Елбасының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі тапсырмасына орай біз облыстың барлық ауданында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мамандандырылған семинарлар өткізіп келеміз. Бүгін өздеріңіз куә болып отырған Төлеби ауданында тауық шаруашылығымен айналысуға бел буған 24 кәсіпкер "Ленгер құс" ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, мемлекеттен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жұмысын бастағалы отыр. Бұл өзгелерге өнеге болуы тиіс", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, шағын құс фермаларының құрал-жабдығын сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ сатып алынған асыл тұқымды етті шөженің әрбір басына 400 теңгеден демеу қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, шаруалар өндірілген құс етінің әр келісіне 40 теңгеден көмек қаржы алады.
Бұл құс фермасы – жарты ғасырлық тарихы бар "Шымкент құс" ЖШС-ның бірлескен кәсіпорны. Бүгінде құс фермасында 600 мыңнан астам құс өсіріледі. Тауық фермасы жылына 14 млн дана жұмыртқа өндіреді. Өнімдер оңтүстік өңірімен қатар көршілес облыстарға да жөнелтіледі.
Бүгінде облыста 2 млн 401 мың бас құс өсіріледі. Оның 50 пайызы жеке және қосалқы шаруашылықтардың еншісінде. Оңтүстік өңірі өз-өзін құс етімен 74,3 пайыз, ал жұмыртқамен 75 пайыз қамтуға қауқарлы. Сондықтан біріккен кәсіпорындар алдында құс шаруашылығын да дамытып, өнімді арттыру мақсаты тұр.