Төлебиде "Шатқал" бағдарламасы аясында 10 мың түп ағаш отырғызу басталды

939

Төлебиде "Шатқал" бағдарламасы аясында 10 мың түп ағаш отырғызу басталды

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында "Шатқал" бағдарламасы аясында 10 мың түп жеміс ағашын отырғызу жұмысы басталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жеміс ағаштары Төлеби ауданы, Абай ауылындағы 150 отбасыға тегін таратылды. Бұл іске аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсет Қайыпбеков мұрындық болды. Сондай-ақ ауылда облыс әкімінің "Шатқал" бағдарламасы аясында аумағы 1 шақырым сайға арық тартылып, ағаш көшеттері отырғызылды.

Жалпы Кемеқалған ауыл округінде 5 мыңға тарта тұрғын бар. Негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Табиғаты әсем округтің климаты жеміс ағашын отырғызуға өте қолайлы. Сондықтан округ тұрғындарына 10 мың түп жеміс ағашының көшетін демеуші өз қаржысына сатып алып, сыйға тартты.

"Бүгінгі жасалып жатқан шара – Төлеби ауданының даму концепциясында көрсетілген тармақтың бірі. Біз алдағы уақытта демеуші тарту арқылы ауданымыздағы 14 ауыл округіне қарасты 150-ге жуық елдімекенді көгалдандыру ісімен айналыспақшымыз. Әр отбасы ауласындағы ескірген тал-дарақты алып тастап, орнына жаңа жеміс көшетін отырғызуы тиіс. Бүгінгі жеміс көшеті алдағы бір-екі жылда өз жемісін береді", – дейді Төлеби ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.

Бұдан бөлек, аудан әкімдігі мал шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың несие алуына көмек беру ісін қолға алыпты. Нәтижесінде Абай ауылының тұрғыны Дәрібай Тасболатов 6 пайызбен 3 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 15 жылқы сатып алған. Айына небәрі 17 мың теңге несие төлейді. 3 баланың әкесі бұған дейін жұмыссыз жүріпті. Алдағы жоспары – мал басын көбейтіп, ауылдан кооператив құру.

Аудан әкімдігі тегін үлестірілген көшеттің 300 данасын Дәрібайдың ауласына да асарлатып отырғызып берді.

"Аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер Әсет Қайыпбеков інімізге алғысымыз шексіз. Аудан басшылығы жеке жобамызға қолдау білдіріп, несие алуымызға қол ұшын берсе, бүгін міне, ауламызға 300 дана жеміс ағашын отырғызып жатыр. Енді осы жеміс ағаштарының дұрыс өсіп жетілуіне жауапты болып, жемісін алуға тырысамыз", – дейді Дәрібай Тасболатов.

Айта кетейік, Абай ауылындағы шара барысында үшжақты меморандум түзілді. Ондағы мақсат – жеміс көшеттерінің тиісті деңгейде суарылып, дұрыс өсіп жетілуіне үшжақты жауапкершілікті нығайту. Яғни көшеттердің жеміс бергенге дейінгі өсіп, жетілуіне ауыл округінің әкімдігі, жергілікті кәсіпкер, көшетті ауласына еккен тұрғын жауапты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу