Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының отырысындағы Ғалымжан Пірматов айтты.
"2022 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты соңғы 8 жылда алғаш рет профициттік аймаққа өтіп, 6,3 млрд долларды құрады. Профицит мұнай, металл, газ, көмір, уран және астық сияқты шикізат бағаларының өсуімен қамтамасыз етілді", – деді Пірматов.
Ұлттық банктің бағалауы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицит аймағынан орта мерзімді перспективада дефицит аймағына біртіндеп ауысатын болады. Шикізат бағасының түсуіне және импортқа деген сұраныстың өсуіне байланысты ағымдағы шоттың оң сальдосы қысқарды.
"Базалық сценарий кезінде мұнай өндіру көлемін ұлғайту арқылы тауар экспортының деңгейі сақталатын болады. Ал тауар импорты болса, одан әрі өсіп, біздің болжам бойынша, ең жоғары тарихи көрсеткіштерден асып түседі. Импорттың өсіп келе жатқан деңгейі халық пен бизнестің арта түскен сұранысын қанағаттандыру үшін Қазақстандағы өндірістің жеткіліксіз болуына, мемлекеттік бастамалар мен экономиканы қолдау бағдарламаларының іске асырылуына байланысты болып отыр", – деді Ұлттық банк төрағасы.