Төлемдерді оңтайландыру арқылы мемлекет 4,6 миллиард теңге үнемдей алады

1127

Жоба 2021 жылы аяқталуға тиіс.

Төлемдерді оңтайландыру арқылы мемлекет 4,6 миллиард теңге үнемдей алады

Елімізде төлемдерді оңтайландыру арқылы жыл сайын мемлекеттің қомақты қаржысын үнемдеуге болады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның пікірінше, әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрлық жобалар қызмет көрсету сапасын арттырып, мемлекет шығысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

"Мұндай жобаның бірі – төлемдерді оңтайландыру. Ол мемлекеттің әкімшілік шығысын үнемдейді. Мысалы, зейнетақы төлеу кезінде әкімшілік процестерді оңтайландыру арқылы мемлекет жылына 4,6 миллиард теңгені үнемдей алады. Бұл бағыттағы жұмыс 2021 жылы аяқталады", - деді Ербол Оспанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр бұл қаржы тек бір жобаға қатысты екенін, бүгінде мемлекет зейнетақыны аудару үшін банктерге қомақты қаржы төлеп отырғанын жеткізді. 

"Бүгінде зейнетақы немесе жәрдемақыны тағайындағаннан кейін министрлік банк есепшотына тиісті қаржыны аударады. Осы қаржыны аудару процесі шамамен 16-17 миллиард теңгені талап етеді. Біз тиісті құжаттарды, төлемдерді оңтайландырсақ, 16-17 миллиард теңгенің жыл сайын 4,6 миллард теңгесін үнемдей аламыз. Бұл мемлекеттің әкімшілік шығыны болып саналады", - деп түйіндеді сөзін ол.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу