Бұл туралы "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қор директорынан толық емес отбасындағы балаларға төленетін әлеуметтік төлем мөлшері неге өспейтіндігі туралы сұрақ қойылды.
"Асыраушысынан айрылған, 4 баласымен қалған ана. Бүгінде өзі жұмыс істеп, 120 мың теңге көлемінде айлық алады. Сіздер әр балаға орташа мөлшерде 38 мың теңгемен есептейсіздер ғой. Бәрін санаған кезде қолына түсетіні 250 мың теңге. Аналар 250 мың теңгемен балаларын қалай асырайды? Қымбатшылыққа байланысты қашан төлемдеріңізді өсіресіздер? Неге 1 балаға 60 мың теңге есептеп шығармайсыздар?", - деп сұрады журналист.
"Елімізде Әлеуметтік Кодекс әзірленіп жатыр. Соның аясында тиісті ұсыныстар пысықталуда. Сіздің көтеріп отырғаныңыз жалпы әлеуметтік мәселе. Бұл отбасылар тек қана ақшалай түрде көмек алмайды ғой. Егер де олардың табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда оларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жоғары оқу орнына түсуге де оларға түрлі жеңілдіктер беріледі. Сондықтан бұны кешенді түрде қарастыру керек деп ойлаймын", - деп түсіндірді Нұрсұлу Кемел.
Бұдан бөлек "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының" Бас директоры әлеуметтік төлемдердің мөлшері әрбір азаматтың жеке өзінің орташа айлық табысына және оның жүйеге қатысу өтіліне байланысты екендігін де атап өтті. Осы тұста биылғы бірінші жартыжылдықта берілген әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшеріне тоқталатын болсақ. Жүктілікке байланысты төленген әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 694 мың теңгені құраған. Ал, ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері келесідегідей. Бала күтіміне байланысты 40-41 мың теңге, асыраушысынан айрылу бойынша 38 мың теңге болған. Сонымен қатар еңбек ету қабілетінен айрылуға байланысты төлемнің орташа мөлшері 37 мың теңгеге жуықтаса, жұмысынан айрылуға байланысты 41 мың теңгені құраған екен.