"Томиристің" прокатынан 480 млн теңге түсті

1504

18 киноға мемлекеттік қолдау көрсету туралы ұсыным жасалды.  

"Томиристің" прокатынан 480 млн теңге түсті

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында отандық киноиндустрия саласын қолдау үшін не істеліп жатқанын жариялады.

Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, "Кинематография туралы" заң

кино өндірісін бюджет қаражатымен қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр.

"Қаржы бөлу мәселесі бір емес, бірнеше  рет талқыланып, мақұлданғаннан кейін шешіледі. Биыл сарапшылық кеңеске ұсынылған 99 кино-жобаның 60-ына қатысты оң шешім қабылданып, ведомствоаралық комиссияға жөнелтілді. Комиссия 18 киноға ғана мемлекеттік қолдау көрсету туралы ұсыным жасады", – деді министр.

Ақтоты Райымқұлова таяуда прокатқа шыққан "Томирис" тарихи туындысы үмітті ақтағанын сүйіншіледі.

"Томирис" прокатқа шыққаннан бері бір ай уақыт өтті. Бүгінге дейін

800 сеанс көрсетілді. Прокаттан 480 млн теңге түсті. Бұл ақша еліміздің киноөнерін дамытуға жұмсалады", – деді Ақтоты Райымқұлова

Жиында "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді.

"Кейбір таңбалардың қазақ тілінің ережелеріне, халықаралық Unicode жүйесіне, бір таңбаны екінші таңбаға аударатын конвертер қызметіне сай  келмейтіні анықталды. Салдарынан нақты техникалық шешім қабылдау қажеттігі туды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобы ғалымдармен бірлесіп, әліпбиішілік реттеу жұмысы қолға алынды", – деді атқарушы директор.

Өз кезегінде спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев еліміздің Ұлттық құрамасы әзірше Токио олимпиадасына 11 спорт түрінен 21 лицензия иеленіп отырғанын айтты.

Оның сөзінше, 2020 жылдың шілдесіне дейін отандық спортшылар бірнеше әлем кубогтарына қатысып, Олимпиадаға берілетін жолдамаларды жеңіп алуға тырысады.

"2019 жылдың соңына дейін, ұлттық құрама 28 лицензиялық әлем чемпионатына, 19 Азия біріншілігі мен 12 әлемдік іріктеу турнирлеріне қатысады. Рио Олимпиадасына спортшыларымыз 32 спорт түрінен 105 лицензия иеленген. Токио Олимпиадасында лицензия саны бұдан көп болмаса, кем болмауға тиіс", – деді Серік Жарасбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу