Ақмола теміржол бөлімшесінің Төңкеріс станциясынан Сияньға (ҚХР) контейнерлік вагондарға қапталған астық тиеліп, жөнелтілді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Қанатқақты жобаны "ҚТЖ" ҰК" АҚ еншілес кәсіпорны - "KTZ Express" АҚ қытайлық серіктесімен (Халықаралық мультимодальдық көлік компаниясы "CRIMT") бірлесіпұйымдастырды.
Бос контейнерлер астық элеваторларына контейнер тасымалдау техникасымен жеткізіліп, пойыздың жылжымалы құрамы түгелдей қапталған астықпен толтырылды. Оның құрамында жиырма футтық KTZU жекеменшігіндегі контейнерлік жүз вагонға барлығы 1800 тонна қапталған астық тиелді.
"KTZ Express" АҚ контейнерлік және ғаламдық жүк жеткізуді дамыту мақсатында тапсырыс берушілерге барынша қолайлы жағдай жасап, контейнерлік мультимодальдық жеткізу схемасына автокөлік қызметін тарту мен қазақстандық инфрақұрылымды тиімді пайдалану жолдарын ұсынып отыр.
Тапсырыс берушілерге сапалы қызмет көрсетудің қазіргі заманғы үлгісі елордасындағы "Continental Logistics Astana" көлік-логистикалық орталығының мультимодальдық терминалында атқарылды.
"KTZ Express" АҚ басшылығы Қазақстан Республикасының астықты экспортқа дәстүрлі түрде шығару және осындай дамыған терминальдық инфрақұрылымды пайдаланып мультимодальдық шешімдер қабылдау, еліміздің Қытай бағдары ғана емес, алыс жақын шетелдерге де экспорттық астық тасымалы көлемінің еселеп артуына ықпал ететіндігіне сенімді.