Тоңып отырған павлодарлықтар Склярдың сөзіне өкпелі

242

Теріскейде аптаға созылған аязды күндерді Павлодар қаласының біраз тұрғыны тоңып өткізді.

Тоңып отырған павлодарлықтар Склярдың сөзіне өкпелі Фото: u24.ru

Облыс орталығындағы кейбір көпқабатты үйлер суықта пана болмай, азынап кеткен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Шаһар билігі осы күндері 160-тан аса шағым түскенін айтады. Ал, дірдектеп отырған қараша халыққа демеу көрсеткеннің орнына "терезелеріне жылулық жасамаған" деп өздеріне кінә таққан бірінші вице-премьерге жерлестері ренжулі.

"Скляр айтыпты, терезелерді резинасын ауыстырсын деп немесе терезені ауыстырсын деп. Ондай енді шамамыз жоқ. Мен сосын комментарийге жынданып жаздым, келіп маған ауыстырып берсін дедім", - дейді қала тұрғыны.

Павлодар тұрғыны Маржан Байтемірова, аяз түскелі бері пәтерінде жылытқыш қосып жан бағып отыр. Кей бөлмелердегі температура оннан төмен түсіп кеткен. Сондықтан, олардың есігін тарыс жауып, қымтап қойған.

"Он алты градус қана бізде температура осы үйде. Міне мына бөлмені біз тіпті жауып тастадық. Ол жақта мүлде сұп-суық. Балалар киіммен жатады, өзімізде киіммен осылай жүрміз. Басқа пәтерлерде де осылай суық", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Маржан Байтемірова.

Көрші пәтер одан да суық болып шықты. Мұнда жастары жетпістен асқан қариялар тұрады. Аяз түскелі бері немерелері келуді қойыпты. Үй ішіндегі ауа температурасы +10 да жетпейді.

"Бүгін қараңыздаршы, тіпті сегіз градусқа түсіп кетті. Ас үйдің есігін жауып алып жылытқыш қосып отырмыз. Қымтанып киініп, осылай күн кешудеміз", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Тамара Ильянова.

Өңірде аяз түскелі бері Павлодар қаласының тұрғындарынан жылу жетіспеушілігі жөнінде 160-тан аса шағым түскен. Әкімдік жанынан комиссия құрылып, жұмыстар жасалып жатыр, дейді шенділер. Мамандардың айтуынша, жылу станцияларынан беріліп жатқан теңгерім нормаға сай.

"Жылу жетпей жатқан тұрғындар бізге хабарлассын. Комиссияны жібереміз. Егер станциядан жылу жеткіліксіз беріліп жатса оларға шара қолданамыз. Ал, егер мәселе үйдегі инженерлік торапта болса онда пәтер иелері кооперативі мойнына алады", - деді Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Әзімханов.  

Аяз түскелі бері Екібастұз қаласының тұрғындары да жылуға жарымай отыр. Шаһардағы 702 көпқабатты үйдің 27-де жылу бойынша проблема бар. Екі күн бұрын елдегі жағдай бойынша мәлімдеме жасаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, пәтерлердің суып кетуіне есік терезелеріне жылулық жасамаған тұрғындардың өздерін кінәлаған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу