Президент тасқыннан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді

325

Азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. 

Президент тасқыннан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді Фото: mir24.tv

Құрылыс, баспана беру, инфрақұрылымды жөндеу жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс.

"Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін",  - деді Тоқаев. 

Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады.

Сонымен бірге өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді.

 "Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз.

Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. "Атың шықпаса, жер өрте" деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет.

Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған. Біз тарихтың тағы бір сынағынан өтіп жатырмыз. Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде.

Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді.

Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, "зая кеткен кезеңнен" ажырайтын жолайрық болуға тиіс.

Қазақта "Алпыс күн тасыған дария, алты күнде қайтады" деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. "Әр қиындықтың қайыры бар" дейді халқымыз, деп тоқталды Президент. 

  • Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді.
  • Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен, мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады.

Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашады. 

"Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады.

Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру.

Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады. Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік парызым.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деп Мемлекет басшысы сөзін аяқтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу