Топан судан келген шығын көлемі қашан белгілі болады?

238

Қосымша шығындар пайда болған жағдайда Үкімет резервінен қаражат бөлінуі мүмкін. 

Топан судан келген шығын көлемі қашан белгілі болады? Фото: tobolinfo.kz

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистермен өткен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір Үкімет резервінде 54 млрд теңге бар. "Қазақстан халқы" қорында 16 млрд теңге бар. Олардың қаражаты 650 үй салуға жұмсалады. Бұдан басқа "Демеу" қорында 34 млрд теңгеге жуық қаражат, өңірлік қорларда 8,7 млрд теңге бар. Үйлердің шығынын өтеу және салу үшін Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі тарапынан меморандумдар жасалды. Бұл ірі кәсіпкерлердің ақшасынан қаржыландырылады. Жалпы айтқанда, қаражат жеке қорларда, мемлекеттік резервте де толыққанды бар", – деді Қаржы вице-министрі.

Ержан Біржанов тасқыннан келген шығын көлемі толық есептеліп бітпегенін айтты. Сөзінше, кейбір өңірлерде су әлі кетпеген.

"Су толық тартылғаннан кейін ғана залал сомасы белгілі болады. Қазір Атырау су астында тұр. Солтүстік өңірлердегі үйлер бойынша барлық шығын 15 күннің ішінде есептелініп бітуі тиіс. Барлық қаражат жеткілікті", – деп атап өтті спикер.

Қаржы вице-министрі Үкімет резервінен қосымша қаржы бөлу мүмкіндігіне қатысты сұраққа да жауап берді.

"Су тасқынынан тек тұрғын үйлер ғана зардап шеккен жоқ. Инфраструктуралық нысандар да бар. Оларды тез арада қалпына келтіру керек. Қазіргі таңда жеке қорларда, демеушілерде, мемлекеттік резервте қаражат бар. Егер қосымша шығындар пайда болса, онда міндетті түрде Үкімет резервінен қаражат бөлінуі мүмкін. Осыған дейін Қостанай облысында су тасқыннан зардап шеккендерге үй сатып алуға  400 млн теңгеге жуық қаржы үкімет резервінен бөлінгені бәріңізге мәлім", – деп толықтырды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу