Үкімет басындағылар арнайы бағдарлама ойлап тауып, қыруар қаржы жұмсаса да таза ауыз судан тарыққан елдің мәселесі шешілмеді. Бұған өзеннен су тасып ішіп отырған Шығыс Қазақстандағы Топқайың ауылының халқы дәлел бола алады.
Катонқарағай ауданына қарасты Топқайың ауылы. Мұндағы 120 шақты отбасында бес жүзден астам адам тұрады. Ауыл қалқының ауданы елдімекен іргесінен ағып жатқан өзеннен су ішіп отыр.
Бұл ауылға 2021 жылы жазда су тартыла бастаған. Көше-көшедегі ескі құдықтар бұзылып алынып, су құбыры жүретін жол қазылған. Содан бері екі жыл өтсе де жұмыс аяқталмаған. Тұрғындар бәрін бұзып жатқанда бір құдықты ғана бұздырмай әзер аман алып қалдық дейді. Қазір құдыққа жақын маңдағы ел суды содан алады. Бірақ оның уақытша екені белгілі. Сондықтан басталған істі тез бітіруді билік басындағылардан талай сұраған. Әзірге одан да нәтиже шығар емес.
Басталған іс былтыр бітіп, ел игілігін көруі тиіс еді. Жұмысты бастаған мердігер компания жұмысшылары жоқ болып кеткен соң, мұндағы халық аудан тіпті облыс әкімін шақырған. Алайда оны елеген әкімдер жоқ. Аудан әкімінің өзі келіп, жағдайымызды көріп, мәселемізге мән бермеді дейді, жергілікті жердегі жұрт. Онысы рас та секілді. Өйткені аудан басшысы жарытып жауап бере алмады.
"Климаттық қаталдығы бойынша Оралхан Бөкей де айтқандай, біздің жақта қыс ұзақ дегендей, осы құрылыс маусымы біздің ауданымызда өте қысқа. Жаз айлары ғана. Оның да мән-жайлықтары бар", - деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
Тұрғындардың мазасын алған тағы бір мәселе. Қазылған орға мал жиі түсіп кетеді. Сондықтан жұмысты аяқтай алмаса шұңқырларды жауып, жолымызды тегістеп кетсін, дейді ашынған ел.