Биыл Павлодар облысында ауыл шаруашылығына арналған 67 мың гектар алқап игеріледі. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжанов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Биыл біздің облыста 30 мыңнан астам гектар жерге көп жылдық шөп өсіріледі. Оның 9,5 мың гектары Железин, 5 мың гектары Ертіс ауданына тиесілі. Ал бір жылдық шөп өсірілетін жердің аумағы шамамен 38300 гектарды құрайды", - дейді Байболат Рахымжанов.
Оның сөзінше, бір жылдық және көп жылдық шөпті малдың жем азығы үшін ғана емес, топырақты құнарландыру үшін де егеді.
"15500 гектар аумаққа жүгері өсіріледі. Өсімдіктің бұл түрімен көбінесе сүт өндіретін шаруашылықтар айналысады. Биыл 692,390 гектар алқапқа астық дақылдары отырғызылады. Ал майлы дақылдар көлемі 191,800 гектарды құрап отыр. Биыл картоп өнімдері 16 мың гектар алқапқа отырғызылады. Мәселен Ақсу ауылдық аймағы 3,4 мың, Павлодар ауданы 3,7 мың, Екібастұз қаласы мен Ақтоғай, Качир, Лебяжі, Железин аудандарының әрқайсысы мың гектардан астам жерге отырғызбақ", - деді ол.