Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Астанада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлады Prosports.kz.
63,5 келі салмақ дәрежесіндегі финалда Сабырхан үндістандық Яшвардхан Сингхпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Төрехан жастар арасындағы Азия чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Бұған дейін ол алғашқы айналымда Иран елінің боксшысы Сейедалиакбар Мирахмадибабахейдариді мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Ал жартылай финалдық бәсекеде Төрехан Сабырхан 63,5 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Иорданиялық Омар Әл Хадидиден айласын асырды. Отандасымыз үш раунд қорытындысы бойынша айқын басымдылықпен жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан қазақстандық боксшы Махмұд Сабырханның інісі.
Астана қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының финалдық кездесулері 2-4 қараша аралығында өтеді.