Өз отбасының төрт мүшесін өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді

208

Қазіргі уақытта ол Алматы облысы Талғар ауданындағы республикалық психиатриялық ауруханада ем алып жатыр.

Өз отбасының төрт мүшесін өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді Фото: ЖИ

Ақмола облыстық сотының мәліметінше, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Аршалы ауданының тұрғынын қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны мамандандырылған психиатриялық ауруханада қарқынды бақылаумен мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Іс материалдарына сәйкес, ер адам бұған дейін де сотталған. 2016 жылы оған бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалған. Ал 2022 жылы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем қабылдап, 2023 жылдан бері "параноидтық шизофрения" диагнозымен психиатрдың бақылауында болған.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың наурыз айында болған. Анасының үйінде ұялы телефонының бұзылуына байланысты жиенімен жанжалдасқан ер адамға қатысты полиция шақырылған. Алайда жанжал шешілгенін айтқан анасының өтінішімен полиция оқиға орнынан кеткен.

Сот материалдарына сәйкес, полицейлер кеткеннен кейін ер адам құқық қорғау органдарына хабар берілгеніне ашуланып, үйде болған адамдарға ас үй пышағымен шабуыл жасаған.

Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі қарт адам оқиға орнында қаза тапқан. Қаза болғандардың үшеуі зейнеткер болған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам әлеуметтік қауіпті әрекетті жасаған кезде созылмалы психикалық ауру – параноидтық шизофрениямен ауырған. Сарапшылар оның өз әрекетінің мәні мен салдарын түсінуге және оны басқаруға қабілетсіз болғанын, сондай-ақ тергеу мен сот процесіне қатыса алмайтынын анықтады.

"Сот шешімімен азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1 және 5-тармақтарында көзделген әрекетті есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оған мамандандырылған психиатриялық ауруханада қарқынды бақылаумен мәжбүрлі емдеу тағайындалды", – деп хабарлады Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу