Төрт адамның өлімі:туыстары халықтан көмек сұрауда

1118

Марқұмдарды жер қойнына тапсыру үшін қаржылай көмек қажет.

Төрт адамның өлімі:туыстары халықтан көмек сұрауда

Павлодар қаласындағы Қамзин көшесі, 364 мекенжайынан шыққан өрттен қаза тапқандарды жерлеу үшін қайғылы жағдайға бейжай қарамайтын азаматтардың көмегі керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Еске сала кетейік, 9 мамыр күні сағат 21:02-де көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтердің отқа оранғаны туралы хабар түскен болатын. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметі мен медициналық қызметкерлер жетті. Белгілі болғандай, өрт жатын бөлмеден шығып, 70 шаршы метр аумақтағы жиһаздар, тұрмыстық заттар, киім-кешектер – барлығы жанып кеткен.

Өкінішке қарай, өрт сөндірушілер жатын бөлмеден 1952 жылғы әйел адамның мәйітін тапты. Оның жары – 1948 жылғы ер адамның денесі сол қабаттағы жеделсатының жанынан табылды. Ал ерлі-зайыптылардың қызы – 1991 жылғы келіншек пен оның 2018 жылғы қызының денелері тоғызыншы және жетінші қабаттардан табылды. Марқұмдар 2019 жылдан бері бұл пәтерді жалдап тұрған. Әлеуметтік осал отбасы тобының қатарында тіркелмеген.

"Бұл – электр желілерінің қысқа тұйықталуынан шыққан өрт емес. Темекі тұқылы жатын бөлмедегі төсекке түсіп, содан қызыл жалын барлығын шарпуы мүмкін. Қазіргі кезде тиісті сараптамалар жасалуда", - дейді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов.

Оқиға орын алған уақытта 1991 жылғы азаматшаның жолдасы Азат үйде болмаған екен. Күні кеше оның анасы Гүлмира Дүйсекова жергілікті "Мейірімділер клубы" арқылы жерлестерден көмек сұрады.

"Біздің отбасымызда қайғылы жағдай орын алды. 9 мамыр күні немереміз, келініміз бен құдаларымыздан айырылып қалдық. Жанашыр жандардан жерлеу шарасына көмек көрсетуді сұраймыз. Өз қолымыздан келмейді", - дейді Гүлмира Дүйсекова.

Аз уақыт аралығында 3 млн теңгеден астам қаржы жиналды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу