Төрт ірі банк Қаржылық тұрақтылықты көтеру бағдарламасына кірді

895

Ұлттық банк: капитал тапшылығы  жоқ.  

Төрт ірі банк Қаржылық тұрақтылықты көтеру бағдарламасына кірді

Өткен жылы 1 тамызда басталған банк активтері сапасын бағалау нәтижелері белгілі болды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп қолға алған AQR - еліміздің 14 банкінде капитал тапшылығы  жоқ екенін көрсетті. Бүгін Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірінші орынбасары Олег Смоляков банк жүйесінің жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

"AQR-ға қатысушы банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Себебі  барлық банктерде іске асырылған шаралардың қорытындысы бойынша капитал деңгейі реттеушінің талаптарынан жоғары. Банк секторының қаржылық тұрақтылығын одан әрі де дамытатын боламыз", – деді Олег Смоляков.

Активтер сапасын бағалауға еліміздегі 27 банктің 14-і қатысты. Олардың үлесіне активтердің 87%-ы және банктер несие портфелінің 90%-ы тиесілі. 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша аталған қаржы ұйымдарының капитал қоры шамамен 800 млрд теңгеге бағаланып отыр.

"Осылайша орта есеппен банктердің капитал жеткіліктілігінің коэффициенті 13%-ды құрайды. Ұлттық банктің талабы бойынша бұл көрсеткіш 7,5%-дан кем болмауы тиіс",-деді Олег Смоляков.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірінші орынбасары  жалпы алғанда капитал тапшылығы жоқ екенін хабарлағанымен Қаржылық тұрақтылықты көтеру бағдарламасына еліміздің 4 ірі банкі кіргенін  айтты. Яғни, активтер сапасын бағалау барысында (тамыз бен ақпан айының аралығында) банктерде  369,4 млрд теңге капитал жетіспеушілігі анықталған.  Қаржы институттары бұл соманың 180 млрд теңгесін жапқан.

"Біз үшін қаржылық тұрақтылықты көтеру бағдарламасына банк акционерлерінің қатысуы маңызды. Бұл ретте 3 айдың ішінде 157 млрд теңгеге жуық қаржының 40 млрд теңгеге шамасындағы бөлігін  акционерлер толықтыратынын айта кету керек", – деді Олег Смоляков.

Ал бұған дейін Reuters агенттігі AQR-дан кейін еліміздегі 4 банктің қосымша капиталға мұқтаж екені анықталуы мүмкін. Сондықтан Үкімет оларға 1 млрд доллардан артық көмек қаржы ұсынуға ниетті, деп хабарлаған.

Moody's халықаралық рейтингтік агенттігінің сарапшылары Қазақстанның банк секторын сауықтыруға қосымша 400-600 млрд теңге қаржы тартылатынын айтқан болатын. Сонымен қатар S&P Global Ratings активтер сапасын бағалаудан кейін, банктерге 1 трлн теңге қор жинау керек деген болжам жасаған.

Осы орайда Олег Смоляков агенттіктер AQR нәтижесін дұрыс бағалап, жалпы жүйеге жақсы баға береді деп есептейтінін айтты.

"Бұл үйде әзірленген жұмыс емес. AQR толық халықаралық стандарттар негізінде жүргізілді. Меніңше, оның қорытындысы біздің жүйемізде барлығы тұрақты екенін көрсетеді. Сондықтан осы нәтижелердің барлығын рейтингтік агенттіктер дұрыс қабылдап, жақсы баға береді деп есептейміз", – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірінші орынбасары.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу