"Қаламқас" кен орнындағы өрттің ошағы сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбекке сілтеме жасап.
"28 наурызда 01:05-те "Қаламқас" кен орнында №8237 ұңғыма жанындағы грифоннан шыққан өрт сөндірілді", – деп хабарлады ол.
Қазіргі таңда газ-су қоспасы атқылап тұрған жоқ және грифондар жабылды.
Еске салайық, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы "МаңғыстауМұнайГаз" АҚ-ның "Қаламқас" мұнай-газ кен орнында "Си Бу" инженерлік бұрғылау компаниясы" ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне "Қаламқас" кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.