"Төрт жасар баламның оң көзіне жасалуы керек болған отаны сол көзіне жасады"

1565

Алматылық Айдын Тоқсанбаева дәрігерлерді перзентінің сау көзіне ота жасады деп айыптады. 

"Төрт жасар баламның оң көзіне жасалуы керек болған отаны сол көзіне жасады"

Алматыда төрт жасар науқастың анасы Балалар шұғыл медициналық орталығының дәрігерлерін қателік жіберді деп айыптады. Бұл туралы ол желідегі парақшасында айтып, көпшіліктен көмек сұрады, деп жазды inbusiness.kz. 

Танымал блогер баласына дұрыс ем жасалмағанын алға тартып отыр. Оның айтуынша, баланың оң көзінде киста бар деген диагноз қойылып, 6 сәуір бала ауруханаға жатқызылған. Медициналық мекемедегі қайта тексерулерден соң бұрын емханада қойылған "оң көзіндегі киста" диагнозы расталған.

Алайда 7 сәуір балаға көмек көрсетуге алып кеткен мамандар, сол көзіне ота жасап алып келген. 

"Таңғы сағат 9-да баланы операцияға алып кетті, бәрі жылдам жасалды. Бірақ мен оң көзге емес, сол көзге неліктен ота жасалғанын түсінбедім. Дәрігерге бұл дұрыс емес екенін дәлелдей бастадым, бірақ олар жоққа шығарды", – дейді Айдын Тоқсанбаева.

Баланың анасы дәрігерлердің қателескеніне сенімді, енді ұлына қайтадан ота жасатуға тура келеді деп қорқады. Өз кезегінде дәрігерлер барлық әрекеттері хаттамаға сәйкес жасалғанын алға тартып отыр. 

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 жастағы науқас жоспарлы түрде Балалар шұғыл медициналық орталығының офтальмология бөліміне жатқызылған.

"Ота бөлмесінде наркоз салынып, оң жақ қабағына тексеріс жүргізілген. Онда өздігінен түсіп қалған халязионның орны болған, бұл хирургиялық көмекті қажет етпеді. Хаттамаға сәйкес, сол жақ қабағын тексеріп, кіші көлемдегі халязион анықталды. Жасалған анестезияны ескере келе халязионды алып тастау туралы шешім қабылданды", – деп түсіндірді басқарманың баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты. Ем қабылдау офтальмология бөлімінде жалғасады.

8 сәуір Айдын Тоқсанбаева перзентімен ауруханадан шыққанын хабарлады. Айтуынша баласына ота жасаған “ақ халатты” өз еркімен жұмыстан кеткен. Бірақ жас ана бұл дәрігер алдағы уақытта қайта жұмысқа тұрып, басқа науқастарды да қор қыла ма деп уайымдайды. 

“Отаны медбикені қосқанда 4 адам жасаған. Сонда олар баланың диагнозы туралы бір парақ қағазды қарамаған. Ал отадан соң құжаттарыңды дұрыстап қара деп тұр. Онда баланың оң көзі деп анық жазылған. Кейін небір сылтауларды айтып ақталды. Ақыр аяғында дәрігер өз еркімен жұмыстан кетті. Ең сорақысы оның еңбек кітапшасында бұл қателігі көрсетілмейді. Ол тағы басқа адамдарға ота жасай беруі мүмкін. Бұл өте қорқынышты жағдай”, – деп түйіндеді ана.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу