Бүгінгі қоғамда түрлі жағдайға байланысты ата-ана құқығынан айырылып жатқан жандар аз емес. Олардың бір бөлігі қателігін түсініп, балаларымен қайта қауышу үшін барын салады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Солардың бірі – Павлодар облысының Анастасия есімді тұрғыны. Осыдан төрт жыл бұрын ол ащы суға құмар болғандықтан ұлы мен қызына қатысты құқығы алдымен шектеліп, кейін бұл құқықтан түбегейлі айырылған еді. Сөйтіп, 2021 жылы 7 жасар ұлы мен 3 жасар қызы мемлекеттік мекемелерге орналастырылды. Ұлы бірден отбасылық үлгідегі балалар үйі қызметкерлерінің тәрбиесіне берілді. Ал қызы алдымен балалар үйіне жіберілді. Тиісті жасқа жеткен соң ағасының қасына қосылды.
Бұл аралықта анасы қателігін түсініп, балаларын қайтарып алу үшін түрлі қадам жасаған көрінеді. Алдымен ішімдіктен түбегейлі бас тартып, жағдайын жақсартты. Ал өткен жылы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілден көмек сұрай келді.
"Былтыр желтоқсанда отбасылық үлгідегі балалар үйінде Анастасиямен таныстық. Сол жерде оның ата-ана ретіндегі құқығын қайта қалпына келтіру үшін қандай құжаттар жинауы, қандай әрекеттер жасауы керек екені егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ол солардың барлығын реттеп, уақытылы орындады", - дейді Сәуле Шакенева.
Сөйтіп, таяуда отбасылық мәселені сот қарап, ананы, оның 10 жастан асқан ұлын тыңдап, сөздеріне құлақ асты. Баласы үйге қайтып, анасының қасында болуды қалайтынын білдірді. Сот ата-ананың өткеннен сабақ алғанын ескеріп, ата-ана құқығын қалпына келтірді. Осылайша, араға төрт жыл салып екі бала анасымен қайта қауышты.