Бүгінде іс бастап, кәсібін дөңгелетуді қалайтындар үшін алысқа бармай-ақ, бұрынғы дәстүрді қайта жаңғыртуға болады. Айталық, кезінде әжелеріміз сары майды қайнатып, тортасынан айырып, оны күнделікті ас мәзірінде пайдалануы қазіргі таңда кәдімгідей кіріс көзіне айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы уақытта ұмыт болып бара жатқан тортасынан айырылған сары май соңғы уақытта қайта "трендке" шықты. Бірақ көпшілік оны "Гхи майы" деп атап жүр. Жасалу жолын қарасаңыз, әжелердің сары майымен бірдей.
Кей қыз-келіншектердің күнбағыс майынан бас тартып, табиғи өнімге бет бұруын павлодарлық әпкел-сіңлілі Ирина Ткаченко мен Ксения Пугачева оңтайлы пайдалана білді. Олар мұндай жандарға тортасы жоқ сары майды ұсынады. Бұл жоба "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалисі атанып та үлгерді.
"Эко-Польза" жеке кәсіпкерлігінің өкілдерінің айтуынша, мұндай өнімді нарыққа шығару – күтпеген жерден туындаған идея.
"Біз отбасымыздың денсаулығын ойластырып, тамақ әзірлеу кезінде мүмкіндігінше табиғи тауарларды пайдалануды жөн санадық. Сөйтіп, үйде гхи майын дайындап, бірде оны достарымызға сыйға тарттық. Осылайша, тағам дайындау барысында қолданылатын ерекше өніммен таныстыру идеясы пайда болды", - дейді Ирина Ткаченко.
Ал Ксения Пугачева оның дайындалу барысымен таныстырды. Айтуынша, өнімнің құрамы толығымен тек сары майдан тұрады. Яғни, майлылығы 82,5 пайызды құрайтын фермалық майдан алынады. Шикізатты Шарбақты ауданы Сахновка ауылынан сатып алады. Кейін оны 8-10 сағат бойы баяу отта пісіріп, осы уақыт аралығында майдың бетіне шыққан көбікті алып тастап отырады. Нәтижесінде лактоза, казеин, сиыр сүтінің ақуызы, қоспалар мен судан тазартылған өнім пайда болады.
"Бұл майда транс майлар, лактоза, казеин, ақуыз, қоспалар жоқ. Ол қуыру кезінде канцерогендерді шығармайды. Тұтынушыларға мұндай өнімнің бес түрін ұсына аламыз. Олар - классикалық, прованс шөптерімен, ысталған паприка, жержаңғақ қосылған шоколадты және қантсыз шоколадты түрлері. Бұл ретте атап өтерлігі, біз шоколадты қантсыз жасаймыз. Сондықтан оның ешқандай зияны жоқ", - деп атап өтті Ксения Пугачева.
Табиғи өнімнің бағасы салыстырмалы түрде қарағанда айтарлықтай қымбат емес. Айталық, көлемі 200 грамм болатын торта майдың бағасы - 2700 теңге, 400 граммы - 4300, 800 граммы - 7600 теңге тұрады. Қантсыз және жержаңғақ қосылған шоколадты май, прованс шөптері бар өнім, ысталған паприкамен дайындалған май да саудада бар. Бүгінде бизнес өкілдері майды тек облыста емес, Астана ен Алматы қалаларындағы дүкендерде де саудалай бастады.
Жоғарыда аталмыш жобаның "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының лайықты финалисі атанғанын атап өткен едік. Ендігі ретте кәсіп аясын кеңейте түсу үшін тағы арнайы құрал-жабдықтар сатып алу қажет. Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов оған қажетті соманы алуға кәсіпкерлер палатасының мамандары қолдау көрсететінін тілге тиек етті.