Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев төртінші мұнай зауытын салу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін белсенді түрде талқылап жатырмыз. Оның орналасатын жері мен техникалық сипаттамалары кейінірек хабарланады. Алдын ала жоспар бойынша зауыт жылына шамамен 10 млн тонна мұнай өңдейді. Жобаның болжамды құны 10 млрд долларға бағаланып отыр. Қуаттың артуы мен төртінші зауытты салудың нәтижесінде авиаотын мен дизель отынының тапшылығын толық жабамыз. Бұдан басқа осы шикізат түрін басқа мемлекеттерге экспорттай аламыз", – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі үш мұнай зауытында өндірілген әуе отынының көлемі 750-760 мың тоннаға жуықтайды. Қайырхан Тұтқышбаев бұл көлем ішкі қажеттіліктің сұранысын толық жабады деп отыр.
"Ел бойынша жалпы тұтыну көлемі – 1,2 млн тонна. 500-600 мың тонна көлемінде авиаотын тапшылығы бар. Тиісті көлем Ресейден импортталып, негізінен халықаралық әуе тасымалдаушылары мен біздің әуежайлардың қажеттілігіне бағытталады. Алматы әуежайы авиаотынды ең көп тұтынады", – деді Энергетика министрінің орынбасары.