Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. 

Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды – Президент Фото: Ақорда

Жиында Мемлекет басшысы "Томирис" қыздар құрамасының жетістігіне айрықша тоқталып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Сұлу қыздарымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, шеберлікпен алға шығып, әйелдер арасында топ жарды. Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды. Сондықтан тағы да атап өткім келеді, сіздер көрсеткен мықты тактикалық дайындық, айрықша күш-жігер мен тамаша топтық жұмыстың арқасында әлем жұртшылығы қазақтың батыл, қайсар және өр рухты ұлт екеніне көз жеткізді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Барлық бапкер мен жаттықтырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға зор алғыс айтамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы арнайы жасақ қызметкерлері мен әскерилер әрдайым тәртіп пен мінсіз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, мемлекет мүддесін қорғау үшін батыл әрекетке дайын болуы қажет екенін еске салды. 

– Қазіргі күрделі әрі тұрақсыз геосаяси ахуал ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тың тәсілдерін әзірлеуді талап етеді. Сондықтан мемлекет әскери-күштік құрылымдарды кешенді түрде жаңғыртуға, технологиялық тұрғыдан жан-жақты жарақтандыруға баса мән береді. Сіздердің жарыстағы табыстарыңыз – еліміздің күштік құрылымдарын жүйелі дамытудың, әскер қатарындағы жоғары моральдық рух пен физикалық даярлықтың нәтижесі. Сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етіп, антқа адал болсаңыздар, Қазақстанның қорғаныс қабілеті нығая түсетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде "Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар!" деген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу