“Тосқауыл” операциясы: көші-қон заңнамасын бұзған 141 адам елден шығарылды

292

Операцияның үш күнінде барлығы 130 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. 

“Тосқауыл” операциясы: көші-қон заңнамасын бұзған 141 адам елден шығарылды Фото: видео скриншот

Ішкі істер органдары 5 ақпаннан бастап ел аумағында “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Оның мақсаты – нашақорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Азаматтармен кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Полиция, әкімдік қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен кездесулер, 286 дәрістер, акциялар, дөңгелек үстелдер, спорттық және басқа да есірткіге қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Есірткі заттарының жарнамасы бар граффитилерді өшіруде полицияға еріктілер көмек көрсетеді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

“Тосқауыл” операциясы басталғалы бері екі есірткі зертханасы жойылды. Мәселен, Алматы қаласында жеке үйде синтетикалық есірткі өндіретін зертхана анықталды.

Синтетиканы дайындауға арналған жабдықтар, оның ішінде реакторлар, вакуумдық сорғылар, магниттік араластырғыштар, сондай-ақ қаскөйлердің есірткі бизнесіне қатысы бар екенін растайтын ақша айналымы туралы жазбалар және 13 кг астам “мефедрон” тәркіленді. Маңғыстау облысында каннабис тобының есірткі өсімдіктері өсірілетін фитозертхана таратылды. Ол жерден арнайы жылытқыш жабдық, тамшылатып суару жүйесі мен жарықтандыру аппаратурасы тәркіленді. Шымкент-Жетісай тас жолында полиция қызметкерлері Toyota Camry 40 маркалы автокөлігін тоқтатты. Оның жүксалғышынан жалпы салмағы 65 кг кептірілген марихуана салынған төрт полипропилен қап табылды.

– “Тосқауыл” операциясы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын шетел азаматтары мен олардың тұратын жерлеріне тексеру жүргізіледі. Операция басталғалы бері көші-қон заңнамасын бұзудың 772 дерегі анықталып, 141 адам елден шығарылды. Қызметтік иттердің қатысуымен көлік объектілеріне, автокөлік құралдарына, жүктерге, пошта бөлімшелері мен басқа да нысандарға тексеру жүргізіледі. Олардың көмегімен 23 есірткі қылмысы анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері қаруды заңсыз сақтаудың 24 фактісін анықтады, – деді Бақытжан Әмірханов.

Операцияның үш күнінде барлығы 130 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде есірткі өткізудің 32 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 24 фактісі және есірткі контрабандасының үш фактісі. Заңсыз айналымнан 107 кг жуық түрлі есірткі, оның ішінде 26 кг синтетика, 79 кг марихуана және 1,8 кг гашиш тәркіленді. Осылайша полицейлер 78 мыңға жуық синтетикалық есірткінің бір реттік дозасын айналымға жібермеді.

– Бұл бағыттағы шаралар жалғасып жатыр. Қорытындысы министрліктің брифингінде айтылады, – деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу