Төтенше жағдай: 42 500 теңге алудың шарттары өзгерді

28422

Ақысыз демалысқа шыққандарға табысынан айырылғаны туралы анықтама алудың қажеті жоқ.

Төтенше жағдай: 42 500 теңге алудың шарттары өзгерді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін төлем рәсімдеудің тәртібі өзгергенін мәлім етті.

"Жақсы жаңалық та бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі "Әлеуметтік сақтандыру" мемлекеттік қорының есебінен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты жаңа әлеуметтік төлем алатын азаматтардың тізімін кеңейтті. Оны тағайындау тәртібі де оңтайландырылды. Біріншіден, төлем алушылар қатары кеңейді.  Бұған дейін 42500 теңге алады делінген топтың қатарына жаңа тұлғалар қосылды. Ол – азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде қызмет көрсетіп, салық агенттері арқылы мемлекетке түсім аударып келгендер. Сондай-ақ карантин енгізілген өңірлердегі ірі бизнес нысандарының жұмысшылары да осы топқа енді. Екіншіден, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын растайтын құжат талап ету тоқтатылды. Бұған дейін, жұмыс берушілер табысынан айырылған қызметкерлері туралы өтінішті өздері берсе, жеке кәсіпкерлер өздері үшін құжат тапсыратын. Оның өзінде жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанын растайтын құжат пен ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылардың тізімін көрсетуі қажет болған. Енді әлеуметтік төлем тағайындау үшін жұмыс беруші табысынан айырылған жұмысшылардың тізімін ғана өткізеді. Ал жеке кәсіпкерлер мен қосалқы шаруашылық иелері өтініш пен жеке бас деректерін берсе болды. Жұмысшы жұмыс берушінің құжат өткізгенін күтпей-ақ, өзі де өтініш бере алады.  Бұл жерде өтініш берушілер ұсынған ақпараттың растығы үшін жауапкершілік арқалайды.  Өтініш электронды үкімет порталы арқылы электронды түрде берілуі керек. Үшіншіден,  төлем қабылдау үшін әлеуметтік сақтандыру қорына қатысу мерзімі қысқартылды. Бұрын  әлемуеттік төлем тағайындалу үшін жұмыс беруші кемінде 3 ай бойы әлеуметтік сақтандыру жарнасын аударған болуға тиіс еді.  Енді жұмысшы атынан соңғы 12 айда тым болмаса 1 рет жарна аударылса жетіп жатыр. Оны Азаматтарға арналған үкімет жүйесінде автоматты түрде тексеруге болады. Ол үшін құжат жинаудың қажеті жоқ. Төртіншіден, өтінімдерді қабылдау  және тағайындау мерзімі 7 күннен 3 жұмыс күніне қысқартылды", – деді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу