Төтенше жағдай: Отандық өнімдер бір көзден сатып алынады

1252

Ірі және маңызды сатып алуларды Президент мақұлдауы керек.

Төтенше жағдай: Отандық өнімдер бір көзден сатып алынады Фото: primeminister.kz

Үкімет үйінде өткен онлайн-брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде мемлекеттік сатып алулар қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.  

"Дағдарыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі қолданылатын болады. Бірінші, бұл кезеңде отандық өндірушілерді қолдау үшін мемлекеттік сатып алу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы республика аумағында өндірілетін тауарлар мен оларды өндірушілердің тізбесін айқындайтын болады. Мұндай тауарларды мемлекеттік сатып алу жедел және жеңілдетілген түрде, тек отандық өндірушілер арасында ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл шара жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдап қана қоймайды, жаңа өндірістерді ашуға да ынталандырады", – деген Әлихан Смайылов дағдарыс жағдайында үкіметке өте тез әрекет ету қажет болатынын ескертті.

"Мысалы маска немесе қорғау құралдарын шұғыл сатып алу, аурухана салу және басқа да жобалар бойынша конкурстық рәсімдер 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Осыған байланысты жұмыс тобына бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізу үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді және жекелеген өнім берушілерді айқындау бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Бұл ретте  ірі және маңызды сатып алулар Президентпен келісілетін болады. Барлық қалған мемлекеттік сатып алу жапыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады", – деді Қаржы министрі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу