Төтенше жағдай жариялағаннан құрғақшылық зардабы жойыла ма?

611

Биыл еліміздің екі өңірін құрғақшылық қысып тұр

Төтенше жағдай жариялағаннан құрғақшылық зардабы жойыла ма?

Жамбылдағы жағдай белгілі. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайындар өзен суларын бөгеп тастап қолдан қуаңшылық жасалды. Ал, Керекуде жаздай тамшы тамбай жер құрғап, егін мен қырдың шөбі күйіп кетті. Оның үстіне көктемде Ертіс өзені шабындықтарға жылдағыдай жайылмай мал айдаған ағайынға ауыр тиіп тұр. Төтенше жағдай жариялағаннан төтеннен келген табиғат зардабын жоя ма?

Ерте көктемде Ертіс өзені тасымағаннан-ақ парламенттегі павлодарлық депутаттар дабыл қағып, мәселені көтерген және кеш болатынын айтқан. Расында да кеш болды. Жауапты министрлік қолдан келер қайран жоқ деп шығарып салды. Маусымның алғашқы он күні Павлодарда ауа температурасы +40 тан асты. Жаңбыр жаумаған соң жер де күйіп, егін рәсуа болды. Кереку өңірінде құрғақшылық нышаны өткен күзде-ақ сезілген еді. Күз жауын-шашынсыз өтті. Қыста қар аз түсті. Енді міне, дихандар өнімсіз малшылар шөпсіз қалды.

"Осы жылы құрғақшылық пен өзен суы деңгейінің төмен болуынан біз малға шөп дайындай алмай қалдық. Бұрынғы жылдары Павлодарды айтпағанда Қарағанды мен Шығыс Қазақстанды да қамдайтынбыз. Биыл су жайылмағандықтан шабындықтарда шаппа жоқ. Қыстан малды қалай алып шығатынымызды білмейміз", дейді фермер Қанатбек Өзенбаев.

Ал, Жамбыл облысында 10 мың гектарға егілген қант қызылшасының жартысы қуаңшылық салдарынан күйіп кетті. Суару маусымы аяқталғаннан кейін залалдың көлемі ұлғаюы мүмкін. Тіршілік нәрі тапшы болған соң алқап қурап өнімнің шығымды болмады.

"Негізі осы қызылша жарты килограм болу керек еді. Қазір көріп отырсыз, 100-150 грамм болмайды. Майда, кішкентай. Бұл су ішпеген сайын жұмсақ болады. Ертең қант зауыты бас тартуы мүмкін", - дейді Шаруа қожалық иесі Демирбек Зууфов.

Үкімет, Жамбыл облысының алты ауданында техногендік төтенше жағдай режимін жариялады. Ал, павлодарлық фермерлер қол жинап Президенттен көмек сұрауда. Өйткені, несие беретін ұйымдар төтенше жағдай жарияланбаса пролангация жасамаймыз яғни, кредит төлеу мерзімін кейінге шегермейміз деген. Бұл ретте басқадай қандай тәжірибе бар деген сауалды сарапшы мамандарға қойып көрдік.

"Кеңес дәуірінде ауылшаруашылық өнімдерін мал шаруашылығы өнімдерін сақтандыру жүйесі бар еді. Бірақ біздің бүгінгі күні Қазақстанда көбінесе осындай жағдайлар әсіресе адам өмірі, үй, өнімдерді сақтандыру мәселесі әлі қалыптаспай жатыр. Бұл қалыптасу керекк. Ал, енді егерде оны ұйымдастырмаған Үкімет болғаны үшін әрине біз Үкіметтен сұраймыз ол дұрыс", - дейді экономикалық сарапшы Сапарбай Жұбай.

Өткен аптада Үкімет, құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетіледі, деп уәде берген. Қазір өңірлерде олардың тізімі түзілді. Павлодарда 233 шаруашылық иесі құрғақшылықтың құрбаны саналады. 

"Қазіргі таңда біз зардап шеккен шаруашылықтардың тізімін пысықтадық дайындап. Министрлікке жолдадық. Осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ауыл шаруашылық бағытындағы қаржы институттарының басшыларымен де жұмыс істеп жатырмыз", - дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.

Жалпы, төтенше жағдай режимін жариялау арқылы мәселені түбегейлі шеше аламыз ба?  

"Әрбір оқиғаға төтенше жағдай жариялай беру меніңше дұрыс емес. Мұны мен басында айтқандай сақтандыру қорлары яғни нарықтық жүйеге өтуге әрекет жасауымыз керек. Өкіметті әрқашанда араластыра берген ол дұрыс емес. Ал, сақтандыру қорлары климатпен немесе суару мәселесін бәрін зерттеп сол сақтандыруға бола ма болмай ма? Егер сақтандырмаймыз десе басқаша бір технологияны қолдануға болады", - дейді экономикалық сарапшы Сапарбай Жұбай.

Ала жаздай Керекуде аспаннан тамшы тамбай даланың топырағы тозып кетті. Шөп дейтін шөпте жоқ арамшөп қана. Енді дәл осы күзде келіп жаңбыр жауып егіншілерге кері әсерін тигізуде. Егін жинау науқанында жаңбырдың қажеті жоқ. Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады, деген осы емес пе!

Синоптиктер қыркүйек жаңбырлы болады, деген болжам айтады. Қуаңшылықтан аман қалған азғана өнім енді су астында шіріп кетпесе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу