Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту саласында жаңа функциялар берілуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысының құрылысты жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында министрлікке арнайы техникалық шарттарды келісу өкілеттігін беру көзделді. Бұл норма өрт қауіпсіздігі талаптарын орындаудан негізсіз ауытқу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде, ғимараттар мен құрылыстардағы өрт автоматикаларының жарамсыз жағдайда болуы, штатында білікті өрт маманы жоқ ұйымдар қызмет көрсетуі салдарынан өзекті қалпында қалып отыр. Халықаралық тәжірибе бұл қызметті лицензиялау қажеттігін көрсетті. Бұл қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру талабын енгізсек, өрттің тұтану сатысында жедел ден қоюға, өрттердің үлкен аумақтарға таралуына жол бермеуге, адам мен материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді", - деді Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда.
Ведомство басшысының айтуынша, министрлікке жаңа функцияларды беру аумақтық бөлімшелердегі штаттық нығайтуды қажет етеді. Бүгінгі таңда, бұл бағытта жұмыстар атқарылып отыр.
"Сонымен қатар, өз нысандарындағы өрт қауіпсіздігін бақылау құзырын Қорғаныс министрлігіне, ал дала өрттерін, сондай-ақ, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді жоюға тартылатын министрліктің күштері мен құралдарын тамақпен, медициналық көмекпен және жанар-жағар маймен қамтамасыз ету өкілеттігін әкімдіктерге беру ұсынылады. Әзірленіп жатқан заң жобасы шеңберінде өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша 9 толықтыру, 19 өзгеріс енгізілді", - деп қосты министр.