Алматы қаласының таулы аймақтарында алдағы күндері ауа райы күрт құбылып, қауіп-қатер артуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
11 мамыр күні жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне байланысты өзендердегі су деңгейі көтеріліп, кейбір аумақтарда су басу қаупі туды. Әсіресе тауға жақын орналасқан аудандарда тұратын тұрғындар мен демалушылар сақ болғаны жөн.
Сондай-ақ 12 мамыр түнде найзағай жарқылдап, нөсер жауын жаууы мүмкін. Бұл кезеңде өзен арналарының тасып, лай көшкініне себеп болуы да жоққа шығарылмайды.
"Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша абай болып, тау бөктерлеріне, өзен-көл маңына жақындамауға кеңес береміз. Қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар", – деп жазылған ТЖД таратқан хабарламада.
Бұған дейін "Қазгидромет" те еліміздің бірнеше өңіріне, оның ішінде оңтүстік-шығыс аймақтар мен таулы аудандарға қатысты бұршақ, найзағай және екпінді жел туралы ескерту жариялаған болатын.
Төтенше жағдайлар департаменті алматылықтар мен қала қонақтарына ауа райының күрт құбылуына дайын болуға және төтенше жағдайлар қызметінің нұсқауларын ескеруді қаперге салып отыр.