Қазақстан Республикасы ұлттық олимпиадалық комитеті мен "Тойота Мотор Казахстан" компаниясы бірлесіп олимпиадалық құндылықтарды насихаттап, еліміздің олимпиадалық құрамасына қолдау білдіретін болды, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Қос тарап әріптестік туралы келісімге қол қойды. Соның аясында Toyota олимпиада ойындарындағы Қазақстан ұлттық құрама командасына қолдау білдіреді. Сондай-ақ, 2024 жылға дейін басқа да халықаралық жарыстарда қолдамақ.
"Toyota өз саласында әлемде көшбасшы және халықаралық олимпиадалық комитеттің ғаламдық әріптесі. Бұл әріптестік ХОК пен олимпиадалық қозғалыстың болашағына деген сенімді білдіреді. Біз Toyota компаниясының Қазақстанның олимпиадалық отбасына қосылғанына қуаныштымыз", - дейді ҚР ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин.
"Олимпиадалық құндылықтар Toyota компаниясының қағидаларына ұқсас. Олар – кемелділікке ұмтылу мен адамдарға құрметпен қарау. Біз ұлттық олимпиадалық комитетпен байланыс орнатқанымызға өте қуаныштымыз. Елдің атын халықаралық аренада шығарып жүрген батырлар, яғни қазақстандық олимпиадашы спортшыларды халық арасында насиахттау біз үшін үлкен мәртебе. Спортшылар отандастарының қолдауын сезінулері керек. ҚР ҰОК бірлесіп біз түрлі салада қызмет етіп жүрген қазақстандықтарды біріктіретін боламыз", – дейді "Тойота Мотор Казахстан" президенті Кит Мэтью Симмонс мырза.
Сонымен қатар, "Тойота Мотор Казахстан" қараша айында Start Your Impossible атты жаһандық кампанияны бастамақ.