Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Департаменті "Toyota Tsusho Kazakhstan Auto" ЖШС-нің үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша (Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы) тергеу жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеп-тексеру барысында 2020-2021 жылдары "Toyota Tsusho Kazakhstan Auto" ЖШС-і сатылған автокөліктердің 82%-дан астамына қосымша жабдық орнатумен жүзеге асырылғаны анықталды. Бұл жабдықтың құны 3 млн теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттар бойынша үстеме баға 200%-дан асып кеткен. Осылайша, жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде ұсыну тәжірибесі қалыптасқан.
Тергеу нәтижелері компания тарапынан даулауға түскенімен, 2024 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Департаменттің тергеуін заңды деп таныды.
Алматы қаласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жаңа жеңіл автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп ұсыну фактілері бойынша компанияға монополистік қызметтен түскен табыс (пайда) көлемінің 5%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ақшалай түрде айыппұл сомасы 88 млн теңгені құрады.