"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері жүйелерін жаңғырту бағытында (2015-2018 жылдары) 230 млрд теңгенің 404 жобасы іске асырылған. Осы аралықта 3259,7 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желілері, 24 қазандық, 71 басқа да құрылыс нысандары салынған.
"Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 2015 жылдан бері желілердің тозуы 67 пайыздан 57 пайызға дейін төмендеді", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр үкіметтің бүгінгі отырысында.
Биыл 175 шақырым инженерлік желіні қайта жаңғыртуға және салуға 37,9 млрд теңге көзделіп отыр.
"Сумен жабдықтау және су тартуға қатысты өзекті проблемаларды шешу үшін жыл сайын қосымша 20 млрд теңге бөлінетін болады", – деді министр.
Еске сала кетейік, биыл сумен жабдықтау және су тарту бағытында 317 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 102,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде ауылдық елдімекендердегі 257 жобаға 68,5 млрд теңге және қалалық жерлегі 60 жобаға 34,3 млрд теңге қарастырылды.
Жобаларды іске асырған соң 2025-ші жылға қарай қала халқы 100 пайыз орталықтыандырылған сумен жабдықталмақ.
Фархат Әміренов