АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі Гарвард университетінің шетелдік студенттерді оқыту құқығын тоқтатты.
Енді Гарвард университеті шетелдік студенттерге виза рәсімдеуге қажетті құжаттарды бере алмайды. Қазіргі уақытта білім алып жатқан шетелдік студенттер басқа оқу орындарына ауысуға мәжбүр, әйтпесе депортация қаупі төнеді.
– Әкімшілік университетті зорлық-зомбылықты, антисемитизмді және Қытай Коммунистік партиясымен байланысты насихаттады деп есептейді, – деді Ноэм.
Ол сонымен қатар шетелдік студенттерді қабылдау – университеттер үшін құқық емес, артықшылық екенін атап өтті.
Гарвард университеті бұл шешімді заңсыз деп танып, халықаралық студенттер оқу орны мен елдің дамуына үлес қосып отырғанын мәлімдеді. Бүгінде университетте 7 мыңға жуық шетелдік студент білім алады, бұл – барлық студенттердің төрттен бірінен астамы.
Бұған дейін АҚШ билігі Гарвардқа бөлінетін 2,2 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеген еді. Осыдан кейін университет Трамп әкімшілігін сотқа берген.