Бұған қоса келіссөзді "өте жақсы" бағалады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Көп нәрсені талқыладық, көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік. Үлкен ілгерілеушілікке қол жеткіздік", – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ пен Қытай делегациялары бұл демалыс күндері Женевада екі күндік келіссөздер өткізіп жатыр.
Мақсаты – Трамп сәуір айының басында бастаған сауда соғысын жеңілдету. Оның бастамасымен АҚШ Қытай тауарларына салынатын кедендік тарифтерді күрт көтерген еді.
Бұған жауап ретінде Пекин де тарифтерді арттырды. Нәтижесінде, салық мөлшері 100%-дан асып, екі ел арасындағы сауда іс жүзінде тоқтап қалған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні өткен делегациялар кездесуі 8 сағатқа созылып, жексенбі күні таңертең жалғасады. Бұл – сауда соғысы басталғалы бері қос елдің жоғары лауазымды өкілдерінің алғашқы бетпе-бет кездесуі.
Бұған дейін Трамп Ақ үйдің "Розалар бағы" алаңында мәлімдеме жасап, АҚШ-тың жаңа тарифтік саясатын жариялаған еді.
Ол алдымен Қытайға салынатын тарифтерді 125%-ға, кейін 145%-ға дейін көтерді. Өз кезегінде Қытай АҚШ тауарларына тарифті 125%-ға дейін арттырды.