АҚШ президенті Дональд Трамп аса маңызды минералдардың қоры құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Бүгін біз Project Vault атты жобаны іске қосамыз. Бұл америкалық кәсіпорындар мен жұмыскерлердің ресурстардан тарықпауына кепілдік беру үшін қажет", – деді Трамп Ақ үйде өткен шарада.
Дональд Трамп жобаны қаржыландыру үшін жеке капиталдан 1,67 миллиард доллар бөлініп, АҚШ экспорт-импорт банкінен 10 миллиард доллар көлемінде несие берілетінін айтты.
АҚШ ішкі істер министрі Дуглас Бергам осы аптада аса маңызды минералдар саудасы клубына 11 жаңа ел қосылатынын жеткізді. Hartree Partners, Traxys North America және Mercuria Energy Group сауда компаниялары қорға қажетті шикізат сатып алу процесін басқармақ. Бұл қадам бизнестің Қытайдың сирек кездесетін элементтеріне тәуелділігін айтарлықтай азайтады деп болжам бар.
Сирек кездесетін элементтер қатарына 17 химиялық элемент кіреді. Олар жоғары технологиялық құрылғылар, соның ішінде радиоэлектроника өндірісінде пайдаланылады. Сирек кездесетін металдардың анықталған қоры бойынша Қытай (44 млн тонна) көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Вьетнам (22 млн тонна), Бразилия (21 млн тонна) және Ресей (10 млн тонна) орналасқан.