Дональд Трамп билікке келе сала АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығаруды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Financial Times басылымының хабарлауынша, Трамп командасының мүшелері АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) шығатыны туралы 20 қаңтарда жаңа президенттің инаугурациясы күні жариялауды жоспарлап отыр.
"Америка денсаулық сақтау саласындағы жаһандық көшбасшылық пен қаржыландыруда үлкен вакуум жасайды. "Оның орнын толтыра алатын ешкімді көріп тұрған жоқпын", – дейді Джорджтаун университетінің жаһандық денсаулық сақтау профессоры Лоуренс Гостин.
Оның пікірінше, АҚШ ұйымнан шықса, Еуроодақ елдері қаржыландыру үлесін көбейте қоймас, ал Қытай керісінше, өз ықпалын арттыруға тырысуы мүмкін. Ғалым ДДСҰ енді "өте қиын кезеңдерге" тап болады деп өз алаңдаушылығын жеткізді.