АҚШ пен одан тыс жерлерде мыңдаған адам Дональд Трамп пен Tesla иесі Илон Маскқа қарсы наразылық шерулеріне шықты. Осылайша олар қазіргі әкімшіліктің саясатын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігінің елді басқару саясатына наразы адамдар көшелерге шықты.
"Қолыңды тарт!" наразылық қозғалысын 150-ден астам топ барлық 50 штаттағы 1200-ден астам жерде ұйымдастырды. Оның қатарында түрлі қозғалыстардың белсенділері болды.
Митингтер бейбіт түрде өтті. Ел билігі қақтығыстар немесе тұтқындаулар туралы хабарлаған жоқ.
Мыңдаған адам Вашингтондағы Ұлттық сауда орталығынан Манхэттендегі Мидтаунға, Бостонға және бірнеше штаттардың астаналарына дейін Трамп пен әлемдегі ең бай адам Илон Масктың әрекеттерін айыптады.
Наразылық білдірушілер қазіргі әкімшіліктің саясатын сынға алды. Демонстранттар мыңдаған федералды қызметкерлердің жұмыстан шығарылуымен, USAID жұмысының тоқтатылуы сияқты шешімдермен келіспейтіндіктерін білдірді.
Митингке шыққан адамдардың қолдарында "Trap the Muskrat" және "Deport Elon Musk" ("Илон Маскты депортациялаңдар") плакаттары болды. Бостонда демонстранттар "Демократиядан қолыңды тарт" деген плакаттар ұстады.
Наразылық толқыны мұхит асты. Шетелдегі жүздеген америкалық Трамптың сыртқы саясатына наразылық білдірді.
Айта кету керек, осыған дейін АҚШ-та конгрессмен-демократ Эл Грин қазіргі президент Дональд Трампқа импичмент рәсімін бастауды ұсынғанын жазғанбыз.