АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті Дональд Трамп сенбі күні БРИКС-ке мүше елдер АҚШ долларына нұқсан келтіретін әрекеттерге барса, осы мемлекеттерге 100% баж салығын салатынын ескертті, деп хабарлайды AP басылымы.
"Біз бұл елдерден БРИКС-тің жаңа валютасын енгізбеуді немесе АҚШ долларын алмастыратын кез келген басқа валютаны қолдамау туралы міндеттемені талап етеміз. Егер, олар осындай қадамға барса, 100 пайыздық баж салығына тап болады және АҚШ-тың қуатты экономикасымен сауда-саттық жасаудан шеттетіледі", – деді Трамп Truth Social сайтындағы жазбасында.
Оның осы мәлімдемесі Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка кіретін БРИКС альянсы деп аталатын елдерге бағытталған.
Бұл елдерден басқа альянс құрамына Мысыр, Эфиопия, Иран және Біріккен Араб Әмірліктері қосылды.
АҚШ доллары жаһандық бизнесте ең көп қолданылатын валюта саналғанымен, альянс мүшелері мен басқа да дамушы елдер Американың жаһандық қаржы жүйесіндегі үстемдігінен шаршағанын алға тартып отыр.