Осындай шешімді федералды судья Стэнли Бастиан қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған сот шешімі Роджер Рогоффтың талап арызы бойынша қабылданды. Бұған дейін Ақ үй басшысы оны Вашингтон штатының Батыс округі бойынша федералды прокурор лауазымынан босатып, орнына Чарльз Нил Флойдты тағайындаған еді. Федералды судья Стэнли Бастианның сөзінше, мұндай кадрлық шешімдер президенттің шенеуніктерді тағайындау және Сенаттың оларды бекіту өкілеттіктері арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын Конституция мен заңдарға қайшы. Рогофф 15 шілдеде ант берген сәттен бастап заңды федералды прокурор болып саналады, ал оның орнына заңсыз келген Флойд мұндай өкілеттіктерге ие емес.
Судья АҚШ Бас прокуроры мен Әділет министрлігіне Рогоффтың қызметін шектеуге, оның лауазымдық міндеттерін атқаруына кедергі келтіруге және өзге тұлғаны прокурор ретінде қарастыруға тыйым салды. Бұл ретте Әділет министрлігі бұл шешімге қарсы апелляция түсіріп, іс қаралғанша Бастианның үкімін уақытша бұғаттауды сұрайтындарын мәлімдеді, деп жазады Politico.
АҚШ заңнамасына сәйкес, федералды прокурорлардың кандидатурасын президент ұсынып, кейін Сенат бекітеді. Егер бұл лауазымға лайық кандидат әлі анықталмаса, АҚШ Бас прокуроры 120 күн мерзімге уақытша федералды прокурорды тағайындайды. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін де тұрақты прокурор бекітілмесе, кандидатты таңдау өкілеттігі округтік федералды сотқа жүктеледі.