Трамп Иракты көмексіз қалдыруы мүмкін екенін ескертті

173

Ақ үй басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

Трамп Иракты көмексіз қалдыруы мүмкін екенін ескертті Фото: Shutterstock

Ирактың бұрынғы премьер-министрі Нури әл-Малики қайтадан билікке оралса, ел үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап. 

"Ұлы Ирак елі Нури әл-Маликиді қайтадан премьер-министр ету арқылы өте қате шешім қабылдауы мүмкін деген ақпарат естідім", – деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Оның сөзінше, әл-Малики билік еткен жылдары Ирак кедейлік пен толық хаостан көз ашпаған. Ақ үй басшысы бұл жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды деп отыр.

"Ол қайта сайланған жағдайда АҚШ Иракқа енді көмектеспейді. Біздің қолдауымыз болмаса, Ирак табысқа да жете алмайды, дамымайды және еркіндікке қол жеткізе алмайды", – деп атап өтті АҚШ президенті.

Ирак парламенті 27 қаңтар күні жаңа президент сайлауды жоспарлап отыр. Осылайша президент премьер-министрлікке үміткерге 15 күн ішінде жаңа атқарушы билік құруды тапсырмақ.

Нури әл-Маликидің кандидатурасын кейбір шиит және күрд саясаткерлері қолдап отыр. Бірақ та, бұл бастама суннит топтары арасында алаңдаушылық туғызды. АҚШ-тың ресми тұлғалары әл-Маликидің кандидатурасын құп көрмей отыр. Олар бұл екіжақты қарым-қатынасқа қатер төндіруі мүмкін деп бағалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу